Ақмола облысы Қазақстан құрамында 1939 жылы пайда болды. 1997 жылы Көкшетау облысының бөлінуіне байланысты облыс аумағы кеңейді. Облыс орталығы – 1824 жылы құрылған Көкшетау қаласы. Облыста 17 аудан және 11 қала, 5 ауылдық округ, 226 селолық және ауылдық округтер бар. Ауыл халқының үлесі – 49,8% (365,5 мың адам).
Ауыл шаруашылығы өндірісі – облыс экономикасының басым салаларының бірі. Облыстың ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы өнімдері мен қызметтерінің былтырғы жалпы шығарылымы – 744,2 млрд теңге (республика бойынша жалпы көлемнің 9,8%-ы). Тарихқа көз жүгіртсек, елдегі бидайдың төрттен бірі Ақмола облысында өндірілген.
Облыстың өнеркәсіптік әлеуеті тау-кен және өңдеуші кәсіпорындар жұмысынан да байқалады. Олардың негізгі көлемі азық-түлік өнімдері, машина жасау өнімдері және түсті металлургия саласының үлесіне келеді. Сонымен қатар молибден өндірісі, химия өнеркәсібі, құрылыс саласы да дамып келеді.
Облыста түсті, қара және сирек металдар, каолин, көмір, минералды сулар және емдік балшық кен орындары бар.
Өңірде туристік бизнесті дамытуға жақсы жағдай жасалған. «Бурабай», «Көкшетау» ұлттық табиғи бақтары бар, Қорғалжын қорығы да облыс құрамына кіреді.