Павлодар облысы 1938 жылы құрылған. Ресейдің Омбы, Новосібір облыстарымен және Алтай өлкесімен шектеседі.
Облыс орталығы – Ертіс өзені жағалауында орналасқан Павлодар қаласы. Қала 1861 жылы құрылған. Облыста 10 ауылдық аудан, 3 қала, 3 село, 123 ауылдық округ бар. Мұнда қала тұрғындарының саны басым – жалпы халықтың 70,7 пайызы.
Павлодар облысы – электр және отын энергиясы, алюминий тотығы, мұнай өнімдері, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібіне бағытталған көп салалы өнеркәсіптік кешен. Облыста көмір, түсті және сирек металл, ас тұзы, құрылыс материалдарының ірі кен орындары бар. Республика бойынша көмір өндірудің 70 пайызы, ферроқорытпа өндірісінің 75 пайызы, электр энергиясы мен мұнай өнімдері өндірісінің 40 пайызға жуығы облыс үлесінде.
Облыста мал шаруашылығы, ет және сүт өнімдерін өндіру, құс шаруашылығы, балық және орман шаруашылығы да дамыған.