*Кей деректер Абай облысына қатысты статистиканы қамтиды
Шығыс Қазақстан облысы 1932 жылы құрылды. 1997 жылы оған Семей облысы қосылса, 2022 жылдың маусым айында Абай атауымен қайтадан жеке облыс ретінде бөлініп шықты.
Қазір ШҚО құрамына Глубокое, Зайсан, Қатонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха, Алтай аудандары мен Риддер қаласы кіреді. Облыс орталығы – Өскемен қаласы. Облыста қала тұрғындарының саны басым – жалпы халықтың 62,9 пайызы.
Облыс Алтай өлкесі, Ресейдің Алтай Республикасы және Қытаймен шектеседі. Табиғи-климаттық жағынан Шығыс Қазақстан – дала, шөл және тау-тайганы біріктіретін аймақ. Облыс аумағының 11,9 пайызын ормандар алып жатыр.
Аймақтың жер қойнауы қорғасын, мырыш, қалайы, вольфрам, молибден, марганец, алтын, сынап, сүрме, қоңыр және тас көмір, жанғыш тақтатас пен құрылыс материалдарына бай. Сонымен қатар ШҚО-да 800-ден астам өзен ағып жатыр. Олардың жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асады. Негізгі су көзі – Ертіс өзені.
Облыс индустриялық-аграрлық аймақ. Өнеркәсіпте түсті металлургия және машина жасау, ал аграрлық секторда мал шаруашылығы басым. Абай облысы бөлініп шыққаннан кейін ШҚО-да бұрынғы кәсіпорындардың 68 пайызы қалды.